Қазақстандық оқушылар әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт медаль жеңіп алды
Қазақстандық оқушылар биология пәні бойынша әлемдегі ең беделді олимпиададан төрт қола медаль жеңіп алды,- деп хабарлайды newsroom.kz
Филиппинде мектеп оқушыларына арналған әлемдегі басты зияткерлік сайыстардың бірі – Халықаралық биология олимпиадасы (International Biology Olympiad, IBO-2025) өз мәресіне жетті. Биыл бұл додаға 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты.
Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі қола медаль иеленіп, 100 пайыздық командалық нәтиже көрсетті:
• Ерсұлтан Қайыркен – Павлодар облысындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
• Батыр Ержанұлы – Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
• Айғаным Балташева – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
• Әлихан Әшірханов – Алматы қаласындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
• Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Лейла Асқарова мен Ілияс Сакимов.
IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрды:
• Теориялық тур – молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешу.
• Практикалық тур – зертханалық жұмыстар, микроскопия, үлгілермен жұмыс істеу және биологиялық процестерді талдау.
Қазақстан 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды.