Жаңалықтар

"Есіктерді тартып, қыздарға жабысады": бұрынғы зорлықшы тұрғындарды мазалап жүр

Зорлау қылмысы үшін сотталған, бірақ шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан ер адам ел арасында алаңдаушылық туғызды.

 

CMN.KZ хабарлауынша, ол пробациялық бақылауда бола тұра, көпқабатты үйлердің кіреберістеріне кіріп, пәтер есіктерін ашуға тырысқан.

Көпшілікке тараған бейнебақылау жазбаларында ер адамның есік тұтқаларын тартып, кіреберісті аралап жүргені анық көрінеді. Үй тұрғындары бұл азаматты бұрын зорлау үшін сотталған деп танып, оның әрекетінен балалар, әсіресе кәмелетке толмаған қыздар үшін қауіптеніп отырғандарын жеткізді.

Оқиғаға байланысты Полиция департаменті пікір білдірді. «Қоғамдық орындарда балаға тиіскені үшін құқық бұзушының тұлғасы анықталды. Ол “Сарыарқа” ауданы полиция бөліміне жеткізілді. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот қаулысымен 30 тәулікке қамауға алынды», – делінген ведомство хабарламасында.