Жаңалықтар

Facebook пен Instagram енді Еуропада саясаттан тыс қала ма? Meta-ның маңызды шешімі

Meta компаниясы 2025 жылдың қазан айынан бастап Еуропалық одақ елдерінде Facebook пен Instagram платформаларында саяси жарнама орналастыруды доғаратынын мәлімдеді. Бұл туралы алғаш болып Bloomberg агенттігі хабарлады.

Шешім Еуроодақтың жаңа заңнамалық шектеулерімен байланысты. Қауымдастық америкалық IT-алпауыттың қолданушылар жайлы деректерді жинауын шектеп, әлеуметтік желілердегі саяси ықпалын азайтуды көздеп отыр. Бұған дейін Meta мен ЕО арасында осы мәселеге қатысты келіспеушіліктер бірнеше рет туындаған болатын. Тіпті компания осы талаптарға байланысты Еуроодақ аумағында өзінің жасанды интеллект жүйесін уақытша іске қосуды да тоқтатқан еді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шешім Meta-ның жалпы кірісіне айтарлықтай әсер етпейді. Компанияның қаржы директоры Сьюзан Ли бұған дейін саяси жарнама аса ірі табыс көзі емес екенін атап өткен. Сондықтан Facebook пен Instagram-да саяси жарнамадан бас тарту Meta бизнес-моделіне түбегейлі өзгеріс әкелмейді.

Айта кету керек, бұл шектеулер тек Еуроодақ елдеріне қатысты. АҚШ пен басқа аймақтарда Meta саяси жарнаманы бұрынғыдай жалғастыра береді.