Қазақстандағы бағаның өсуіне Ресейдегі инфляция әсер етіп отыр – қаржы мамандары
Қазақстанда бағаның шарықтауына Ресейдегі инфляциялық жағдай да ықпал етіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жаңа шолуында айтылды.
Сарапшылардың айтуынша, теңгеге қатысты рубльдің нығаюы да ішкі нарықтағы бағаға қысым түсіріп отыр. Биыл жыл басынан бері ресейлік валюта теңгеге шаққанда 41 пайызға қымбаттаған.
– Логистикалық шығындардың артуы және кейбір тауар нарығындағы бәсекенің төмендігі сыртқы инфляцияның ішкі бағаға әсерін күшейтіп, ақша-несие саясатын тұрақтандыру процесін тежеп тұр, – делінген талдауда.
2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында Ресей екінші орында тұр. Екі ел арасындағы тауар айналымы – 9,6 млрд доллар. Бірінші орында – Қытай (11,9 млрд доллар), одан кейін – Италия (7,3 млрд), Нидерланды (2,4 млрд) және Франция (2 млрд).
Жалпы, қаңтар мен мамыр аралығында Қазақстанның сыртқы саудасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға төмендеп, 53,5 млрд долларды құрады. Экспорт көлемі 9,2 пайызға азайса, импорт керісінше, 2,2 пайызға өскен.
– Экспорт түсімінің азаюы, импорттың көбеюі және инфляциялық қысымның күшеюі сауда балансының, ағымдағы есеп шотының және теңге бағамының тұрақтылығына қауіп төндіреді, – дейді қаржы сарапшылары.