Курорттардағы тексеріс: бірқатар шенеунік жазаланды
Курорт аймақтарындағы тексерістен кейін Туризм вице-министрі мен әкім орынбасарларынп қатаң сөгіс жарияланды.
Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған жұмыс тобы Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарындағы туристік аймақтарды аралап, жағдаймен танысты. Делегация құрамында туризм және спорт, көлік, ішкі істер, экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, денсаулық сақтау министрліктерінің және басқа да уәкілетті органдардың өкілдері болды.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, тексеріс барысында бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, Қапшағай су қоймасында, Алакөл мен Балқаш көлдерінде туристер жиі шағымданатын инфрақұрылымның тозғаны, қызмет көрсету сапасының төмендігі және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы фактілері расталды.
Тексерушілер коммуналдық жағажайлардың жағдайына ерекше алаңдаушылық білдірді. Олар жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
«Көріктендіру талаптарының бұзылуы, чексіз қызмет көрсететін кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы, санитарлық және қауіпсіздік нормаларының ескерілмеуі сияқты деректер тіркелді», – делінген ресми хабарламада.
Тексеріс қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды:
- Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевқа, Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облысы әкімдерінің туризмге жауапты орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;
- Қонаев және Балқаш қалаларының, Алакөл мен Мақаншы аудандарының, сондай-ақ ауылдық округ әкімдеріне сөгіс берілді;
- Кәсіпкерлік, туризм, экология, сәулет және сауда саласына жауапты облыстық басқарма басшыларына шара қолданылды;
- Экология, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің өңірлік бөлімшелерінің жетекшілері де жауапкершілікке тартылды.
Үкіметтің мәліметінше, туристік аймақтарда тексерулер әлі де жалғасып жатыр. Оған орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
«Тексеріс нәтижесі бойынша туристік инфрақұрылымды дамытуға арналған Жол картасы әзірленеді. Онда саладағы жүйелі проблемаларды жоюға бағытталған басым шаралар белгіленеді», – делінген Үкімет хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қапшағай су қоймасындағы жағажайлардың бірінде жас әйел суға кетіп, көз жұмған болатын. Оқиға куәсі болған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, әйелді судан қайық жалға беретіндер алып шыққан, ал алғашқы көмек көрсетуге қарапайым демалушылар тырысқан. Оқиға орнында демалыс аймағының әкімшілігі болмаған.