1,6 миллион теңгелік күрделі ота Қызылордада тегін жасалады
Қызылорда қаласында тізе мен жамбас буындарын ауыстыру бойынша күрделі операциялар мен оған қатысты оңалту қызметтерін тұрғындар тегін ала алады. Бұл мүмкіндікті Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысушылар пайдалана алады. Бұл жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы мәлімдеді.
Эндопротездеу — буын ауруларына жиі жасалатын ота түрі. Оның барысында зақымдалған буын арнайы жасанды имплантпен алмастырылады. Мұндай жоғары технологиялық операциялар қор қаражаты есебінен қаржыландырылады.
— Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасында жыл сайын шамамен 100-ге жуық осындай операция жасалады. Әрбір ота шамамен 1,6 миллион теңгеге бағаланады. Одан кейін науқастар стационарлық оңалтудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы МӘМС арқылы толықтай тегін көрсетіледі, — дейді травматолог-дәрігер Еркебұлан Молданазаров.