Жарыс қарсаңында өткен таңғы іріктеу кезеңі біздің команда үшін сәтті басталды. Шота Абхазава Pro-Am санатында бірінші орынды иеленсе, Егор Оруджев үшінші орынмен мәреге жетті. Бұл нәтиже команданың Pro-Am класы бойынша бірінші, ал жалпы есепте екінші орыннан жарысты бастауына мүмкіндік берді.
Бүгін өткен бірінші жарыста Artline Kazakhstan жоғары деңгейде өнер көрсетіп, лайықты жеңіске жетті. Жарыстың алғашқы бөлігінде рөлге отырған Шота Абхазава Pro-Am санатында сенімді көш бастап, абсолюттік есепте екінші орынды иеленіп отырды. Пит-стоп кезінде рөлді әріптесі Егор Оруджев қабылдап алды.
Жарыстың 30-шы минутында тізгінді алған Егор өзінің бөлігін тамаша өткізіп, Pro-Am санатында көш бастап келе жатты. Финалға 6 минут қалғанда AM санатындағы Maserati көлігін тізгіндеген Philippe Prette-ге сәтті шабуыл жасап, жалпы есепте жарыс көшбасшысы атанды. Қалған бес айналым ішінде Егор басымдығын арттыра түсіп, екінші орындағы қарсыласынан 3,5 секундқа озып кетті.
Бұл – керемет әрі тарихи жеңіс! Podium үстінде Қазақстанның көк байрағы желбіреп, елұранымыз италиялық Misano трассасында шырқалды.
Artline Kazakhstan командасын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс — тек спорттық жетістік қана емес, еліміздің әлемдік аренадағы абыройын асқақтатқан үлкен оқиға!