ҚР СІМ: Дрондар шабуылынан кейін Украина Қазақстан мүддесін ескеріп отыр
Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) «Кропоткин» мұнай айдау станциясына дрондар шабуылынан кейін Қазақстан Украинаға ресми нота жолдап, алаңдаушылығын білдірген. Бұл туралы CMN.KZ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға 2025 жылғы мамырда болған. Сол кезде Қазақстан тарапы КТК нысандарына, оның ішінде қазақстандық мұнай тасымалданатын инфрақұрылымға төнуі мүмкін қауіп-қатерге алаңдаушылығын Киевке жеткізген болатын. Алайда Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллиннің айтуынша, ол кезде ресми жауап келмеген.
Ал шілде айында журналистік сауалға жауап берген ҚР СІМ, КТК инфрақұрылымына тікелей шабуыл болмағанын, бұл жағдайды Украина тарапы Қазақстанның мүддесін ескерген белгі ретінде қарастыруға болатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда Каспий құбыр желісі консорциумы — қазақстандық мұнайды сыртқа шығарудың негізгі бағыты. Сондықтан оның қауіпсіздігі еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі болып қала бермек.