Жаңалықтар

Президент Тоқаевтың тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыда қалады — нысанға жөндеу жүргізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің Алматыдан Қонаев қаласына көшірілуіне байланысты жағдаймен танысып, нақты шешім қабылдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің ресми мәлімдемесінде хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін жөндеуден өткізіп, оны қаланың балансына алуды тапсырды. Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес, балалар үйі көшірілмейді. Балалар Алматыда қалып, осы қалада оқуын жалғастырады», – деді Руслан Желдібай.

Сонымен қатар, аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілетіні де белгілі болды.

Мемлекет басшысы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың барлық құқығы заң аясында толық қорғалуы тиіс екенін атап өтті. Бұл – баланың мүддесін қорғауға бағытталған нақты қадам және әлеуметтік әділеттілікке негізделген шешім.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Бағанашыл» балалар үйінің Қонаевқа көшірілуі қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын. Ата-анасыз қалған тәрбиеленушілер мен олардың қамқоршылары бұл шешімге алаңдаушылық білдірген еді. Президенттің уақтылы араласуы балалардың білім мен өмір сүру жағдайына қатысты туындаған сұрақтарға нүкте қойды.