Алматыда 15 жастағы жасөспірімді пойыздың үстінде тоқ соқты
19 шілде күні кешкі сағат 18:55 шамасында Алматы-2 теміржол бекетінде 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алды. Ол пойыз вагонының төбесіне шығып, жоғары кернеулі тоқ соғып, денесінің бірнеше жерінен күйік шалды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім вагон төбесіне рұқсатсыз шыққан, сол жерде электр желісінен тоқ соғып, бірден есінен танып құлаған. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, ол ауруханаға жеткізілді. Абырой болғанда, тірі.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы теміржол маңындағы аумақтың жоғары қауіпті аймақ екенін ескертеді.
«Пойыз жолына кіру, вагондарға рұқсатсыз шығу — адам өмірі мен денсаулығына ауыр қауіп төндіреді», — делінген ресми мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.