Балаңыздың планшетінде не бар? Ерлан Қарин ескерткен 10 қауіпті белгі
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу бағытында қолға алынған шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, соңғы жылдары балалар арасында өзіне қол жұмсау оқиғалары көбейіп, қауіп деңгейі күшейе түскен.
«2023 жылдың қыркүйегінде Алматыда екі оқушы қыз өз-өзіне қол жұмсады. Тергеу барысында олардың әлеуметтік желі арқылы белгілі бір мазмұндағы контенттің ықпалына түскені анықталды. Тіпті сол контентті бастауыш сынып оқушылары да көріп жүргені белгілі болды. Қауіп осылай байқалды», — деді Ерлан Қарин «Нартай Аралбайұлы» YouTube арнасына берген сұхбатында.
Жасырын қосымшалар мен "тосын" кітаптар
Қариннің айтуынша, кейбір балалар «ойын секілді» көрінетін қосымшалар арқылы теріс бағыттағы ақпараттарға тап болған. Олардың арасында ағылшын тілінде «ата-анадан қашу керек» деген мағына беретіндері де бар.
Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, тергеу кезінде балалардың өзіне қол жұмсамас бұрын белгілі бір әдеби шығармаларды оқығаны белгілі болған.
«Біз сол кітаптарды тауып, дүкен сөрелерінде тұрған тағы он шақты ұқсас мазмұндағы кітапты анықтадық. Мұқабасы мен мазмұнына қарап, оларды қарапайым махаббат хикаясы деп ойлайсың. Бірақ іштей балаға ауыр ой сіңіріп, кейін арнайы қосымшаға жетелейді. Бұл әрекеттің алдын алдық», — деді ол.
QR-код пен "111" нөмірі: нақты нәтижелер
Оқушылар көп жүретін орындарға психологиялық көмекке қосылатын QR-кодтар орнатылған. Бұған қоса, 2023 жылы іске қосылған «111» байланыс нөміріне бір жылда 10 мың қоңырау шалынса, QR-код арқылы бір аптада дәл сондай көлемде хабарлама келіп түскен.
«Олардың 80-90 пайызы – қызығушылықтан жазылған. Бірақ ішінде қиын жағдайда қалған нақты 1000 бала анықталды. Тек биылдың өзінде 28 бала өмірмен қоштасуға дайын тұрған сәтінде хабарласып, біз оларды құтқарып үлгердік», — дейді Ерлан Қарин.
Әр балаға инспектор тағайындау мүмкін емес
Мемлекеттік кеңесші қазіргі норматив бойынша 500 балаға бір психолог бекітілгенін айтты. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1000 бала болған. Дегенмен Қарин ата-аналардың жауапкершілігі әлсіреп кеткенін ескертті.
«Ата-аналар баланың тәрбиесін мектеп пен мемлекетке ысыра салғандай. Мемлекет бұл мәселені жалғыз өзі шешіп бере алмайды. Әр баланың жанына инспектор қоя алмаймыз. QR-кодқа дәрі ішкенін жазған бала көрші бөлмедегі әкесінен жасырып отырған. Бұл — өте күрделі жағдай. Сондықтан ата-ана мен қоғам белсенді араласуы тиіс», — деді ол.