Ең дәмді қымыз Абай облысында: BAIQYMYZ гастрофестивалі үздіктерді анықтады
Астанада ұлттық тағамдарды ұлықтауға арналған BAIQYMYZ гастрофестивалі ел көлеміндегі ең ауқымды гастрономиялық шаралардың біріне айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тағам өндірушілер өз өнімдерін ұсынды. Дәм мен сапа сынға түскен додада үздіктер анықталды.
Бас жүлдені Абай облысы, Абай ауданы, Саржал ауылынан келген «Жаныс» шаруа қожалығы жеңіп алып, 20 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Екінші орынды Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің «Қарыншы» шаруа қожалығы иеленіп, 15 миллион теңге алды.
Үшінші орын Ақмола облысы, Бурабай ауданындағы «Қымызынай» өніміне бұйырды. Жүлдесі – 10 миллион теңге.
Фестиваль аясында ұлттық тағамдардың дәмі мен табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, қазақ гастрономиясын дәріптеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.