Павлодарда 9 жасар бала үшінші қабаттан құлап кетті
Павлодарда 9 жасар бала көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап, ауруханаға түсті. Бұл туралы облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сауле Шакенова хабарлады.
Оқиға 19 шілде күні сағат 21:55 шамасында болған.
«2016 жылы туған бала терезеден құлап кеткен. Денесінің түрлі жері жарақаттанып, сынықтар мен көгерген орындар анықталған. Қазіргі уақытта ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылды», — деді уәкіл.
Шакенованың айтуынша, бұл Павлодарда биылғы жылы тіркелген алғашқы оқиға емес.
Бұған дейін, мамыр айында ІІМ терезеден құлап кеткен балаларға қатысты 60-тан астам оқиғаның тіркелгенінхабарлаған болатын.
«Олардың бесеуі оқиға орнында көз жұмды, 55 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», — делінген министрлік мәліметінде.
2024 жылы мұндай жағдайлар 200-ге жуық тіркелген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, терезеден құлау фактілері көбіне 2 жастан 13 жасқа дейінгі, қараусыз қалған балалар арасында кездеседі.
Кейде олар масаға арналған торға сүйеніп, абайсызда құлап кетеді — ал мұндай торлар салмақты көтеруге арналмаған.