Жаңалықтар

Контент үшін шектен шықты: Қытайда қазақстандық блогердің үстінен іс қозғалды

Қазақстандық блогер Қытайда тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Оны қоғамдық тәртіпті бұзды және арандатушылық әрекет жасады деп айыптап жатыр. Sohu басылымының жазуынша, блогер видео контент түсіру мақсатында Гуанчжоу метросында қолдан ұрлық ұйымдастырып, көшедегі адамдарға тиіскен.

Ол түсірген видеоларда танысының телефонын «ұрлап», кейін оны көшедегі адамдарға ұсынып, соларды керісінше ұры деп айыптаған сәттер бар. Сонымен қатар бейтаныс адамдарға жақындап, қолынан ұстау немесе денесіне рұқсатсыз қол тигізу сияқты әрекеттер жасаған.

Бұл қылықтар жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызды. Олар мұндай әрекеттерді мораль мен заңға қайшы деп бағалаған. Қытай полициясы оқиғаға байланысты тексеріс бастады.