Әлем

Coca-Cola құрамын өзгертпек: дәмі Трампқа ұнамай жүрген сыңайлы

АҚШ президенті Дональд Трамп Coca-Cola компаниясы өз өтініші бойынша Америка нарығына арналған газды сусынның құрамын өзгертуді мақұлдағанын мәлімдеді.

«Мен Coca-Cola өкілдерімен сөйлесіп, АҚШ-та сатылатын коланың құрамына нақты қамыс қанты қолданылса деген ұсыныс білдірдім. Олар бұл ұсыныспен келісті. Компания басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл олардың өте дұрыс қадамы болады, көресіз. Бұдан тек ұтады!» — деп жазды Трамп 16 шілде күні Truth әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сол күні Coca-Cola компаниясы ресми сайтында мәлімдеме жариялап, президент Трамптың брендке деген ықыласын жоғары бағалайтынын жеткізді. «Coca-Cola өнімдерінің құрамына қатысты жаңа жаңалықтармен жақын күндері бөлісеміз», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда АҚШ-та сатылатын Coca-Cola құрамында қамыс қанты емес, фруктозасы көп жүгері шәрбаты қолданылады. Reuters агенттігінің жазуынша, денсаулық сақтау министрі Роберт Ф. Кеннеди-кіші жасанды бояғыштар мен түрлі қоспалардан бас тарту жөнінде кең ауқымды науқан жүргізіп жатыр. Ол сонымен қатар америкалықтардың қантты шамадан тыс тұтынуын сынға алған.

Айта кетейік, Дональд Трамптың өзі «диеталық коланы» ұнатады. Президенттік кезінде Ақ үйдегі Оваль кабинетінде осы сусынды шақыруға арналған арнайы түйме болғаны да айтылған.