Заң және тәртіп

Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға ауыстырды

Астанада қайырымдылық қордың бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап алу процесі жалғасып жатыр. 

Куәгер Әділхан Мусиннің мәлімдеуінше, ол сотталушы Перизат Қайратпен бірнеше рет кездесіп, қор қаржысын жеке кәсіпкерліктердің шоты арқылы қолма-қол ақшаға аударған.

- Қанша рет болғаны, нақты есімде жоқ, өйткені кездесу сәуір-мамыр айларында өтті. Бірақ кейін ақшаны мен тапсырдым, шатаспасам, үш кездесу болған сияқты. Дәл барлық соманы атай алмаймын, шамамен, бір жеке кәсіпкер орта есеппен 70 миллион теңге алған. Ұмытпасам, 12 - 13 жеке кәсіпкер болды. Менің түсінуімше, егер жеке кәсіпкер белгілі бір сомаға шарт жасасса, ол бұл соманы бір реттік аударыммен ала алған. Ал егер шартта қандай да бір ескерту болса, ол кезде екі траншпен жібере алған. Бірақ түсінгенім жеке кәсіпкерлердің көбісі ақшаны бір реттік аударыммен алған, - деді Әділхан Мусин сотта.

Оның айтуынша, қолма-қол ақшаны күдікті Перизат Қайраттың өзі алып жүрген.

- Ақшаны Перизаттың өзі алып жүрді. Ыңғайлы болу үшін біз ақшаны сөмкелерге салатынбыз. Себебі банк бізге ақшаны буылған күйінде беретін. Оларды сөмкеге салған ыңғайлырақ еді. Бұл сөмкелер кейін өзіне жеке табысталып, көлікке жүктелетін, - дейді ол.

Осы орайда прокурор куәгерден ақшаның қандай сөмкемен тасығанын нақтылады.

- Кәдімгі қытайлық тор сөмкелері, - деп қысқа қайырды Ә.Мусин.

Сондай-ақ куәгер шамамен 210 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналғанын айтты.