Атырауда жеті жасар қыздың өліміне себеп болған ескерткіш құлау ісі бойынша сот үкімі шықты
Атырау қаласындағы №2 сот 2023 жылы Жеңіс саябағында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық істі қарады. Соғыс ардагерінің бюсті екі бала мен олардың әкесінің үстіне құлап, салдарынан жеті жастағы қыз бала қаза тапты. Екінші бала мен әкесі орта дәрежедегі жарақат алды.
Тергеу барысында бұл бюсттерді орнатуды жергілікті әкімдік тапсырыс бергені анықталды. Жұмысты мердігер компания атқарған, алайда тергеу олардың құрылыс талаптарын өрескел бұзғанын анықтады. Қайғылы оқиғаның басты себебі — осы техникалық талаптардың сақталмауы.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Ал марқұм баланың туыстары әділ үкім шығаруды талап етті. Прокурор айыпталушыны төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот оны кінәлі деп танып, істі адам өліміне себеп болған құрылыс нормаларын бұзу бабына қайта саралады.
«Кәмелетке толмаған баласының болуы, қылмысты алғаш рет және абайсызда жасауы – сот тарапынан жеңілдететін жағдай ретінде танылды. Қылмысты ауырлататын жайттар анықталған жоқ», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімімен мердігер ұйымның басшысы Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 279-бабы 1-бөлігі бойынша (сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы талаптарды бұзу) кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған үш жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Алайда рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі бір жарым жылға қысқартылды.
Сондай-ақ сот айыпталушыдан әр жәбірленушінің пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы мен барлық медициналық шығындарды өтеуді міндеттеді.