Әлем

Бельгиядағы Tomorrowland фестивалі басталмай жатып басты сахна өртеніп кетті

Бельгияда өтетін әлемдегі ең ірі музыкалық фестивальдердің бірі — Tomorrowland қарсаңында үлкен өрт болды. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Өрт фестивальдің басты сахнасын түгел шарпып, күлге айналдырды. Бұл сахна — жыл сайынғы фестивальдің символына айналған ерекше безендірілген нысан еді.

Куәгерлердің айтуынша, өрт кезінде жарылыстар болып, пиротехникалық заттар өздігінен атылған. Жалын бірнеше күннен кейін ашылуы тиіс декорацияларды — алып арыстан мүсіндері мен ертегі сарайларын шарпыған.

Tomorrowland биыл 18 шілдеде басталуы керек болатын. Қазір ұйымдастырушылар оқиғаның фестиваль кестесіне қалай әсер ететінін және бүлінген сахнаны қысқа мерзімде қалпына келтіре ала ма — нақты айтқан жоқ.

Tomorrowland фестивалі жыл сайын Бельгияның Бум қаласында өтеді. Әлемнің 200-ден астам елінен 400 мыңға жуық адам жиналатын бұл шарада бұрын David Guetta, Swedish House Mafia, Paul van Dyk сынды танымал диджейлер өнер көрсеткен.

Ұйымдастырушылар қазіргі кезде келген шығынды есептеп, жергілікті билікпен бірге қауіпсіздік мәселелерін тексеріп жатқанын ресми мәлімдеді.