Әскерден кейін оқу орнына түсу жеңілдейді: Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызмет, патриоттық тәрбие және мемлекеттік органдар арасындағы функцияларды қайта бөлуге қатысты заңға қол қойды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Енді әскерге шақырудан кейінге шегеру (отсрочка) оқу үшін тек бір рет беріледі — әрбір білім деңгейіне бір-ақ мәрте. Сонымен қатар, әскери есепке алу процесі автоматтандырылып, болашақ сарбаздарға eGov арқылы және SMS-хабарламалармен ескерту жіберіледі.
Жаңа заңда қарастырылған өзгерістер:
▪️ Республикалық және жергілікті деңгейде әскери-патриоттық тәрбие жүйесі енгізіледі. Арнайы үйлестіру кеңестері құрылады.
▪️ Мектептер мен колледждерде тереңдетілген әскери дайындық болады. Бұл курсты бітірген түлектерге әскери ЖОО-ға түсу немесе келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасуда артықшылықтар беріледі.
Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылған:
▪️ мерзімді әскери қызметтен өткеназаматтар ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге түсе алады.
▪️ Мемлекеттік грант иегерлері әскери борышын өтеген соң грантты өтеуге міндетті болмайды.
▪️ Қызметтен босатылған кезеңде грантты сақтап қалу мүмкіндігі беріледі.
▪️ Әскерден шыққан соң қайта келісімшарт бойынша қызметке орналасу жеңілдетіледі.
▪️ 15 жылдан астам әскери қызмет өтілі бар әскерилердің балаларына әскери жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік қарастырылады.