Қайғылы оқиға 2025 жылдың ақпанында болған. 19 жастағы Жасұлан Әбдіменап моншаға кеткеннен кейін хабарсыз кеткен. Екі күннен соң оның денесі далада табылды. Жақындарының айтуынша, оған 14 рет пышақ салынған.
— Баламды азаптап өлтірген. Ол екінші топтағы мүгедек еді. 8-сыныпта миына жасалған ауыр отадан кейін өмірі өзгеріп кетті. Соған қарамастан, әрдайым адамдарға көмектесуге дайын тұратын, — дейді анасы Райхан Жамалова.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ауылдастары Жасұланнан ауру анамызға көмек керек деп, оның атына 25 мың теңге несие рәсімдеткен. Алғашында бұл туралы отбасы білген жоқ. Кейін Жасұлан қарызды қайтаруды талап ете бастаған, себебі өз атына алынған несие төленбесе, несие тарихы бұзылады деп қауіптенген. Тергеу нұсқасына сәйкес, осы жағдай қылмысқа түрткі болған.
Кредиттің 10 мың теңгесі қайтарылған, ал қалған 15 мың үшін олар жас жігітті өлтіріп, жауапкершіліктен қашып құтылмақ болған.
Марқұмның денесін далаға тастап кеткен қылмыскерлер қылмыс болған түні арақ ішіп, көңіл көтеруді жалғастырғаны айтылды.