Жаңалықтар

Алакөлде гидроцикл бұзылып, екі жасөспірім су ортасында қалған

Абай облысындағы Алакөл көлінде құтқарушылар ағысқа ілесіп, су ортасында қалып қойған екі жасөспірімді құтқарып қалды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, жасөспірімдер гидроциклмен қыдырып жүргенде, ол кенеттен істен шығып, жағаға шамамен 600 метр қашықтықта тоқтап қалған. Құрал істемей қалған соң, балалар судың бетінде еріксіз аға бастаған.

Абырой болғанда, бұл сәтте жақын маңда патрульде жүрген құтқарушылар оларды байқап қалып, дереу қайықпен жетіп барған. Гидроциклді жағаға дейін сүйреп, жасөспірімдерді аман-есен жағаға жеткізді.

— Жасөспірімдерге дәрігер көмегі қажет болмады, — деп мәлімдеді ТЖМ.

Министрлік азаматтарға су көлігіне мінбес бұрын оның техникалық жай-күйін тексеріп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, жуырда Жетісу облысындағы Алакөл жағалауына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев барған еді. Былтыр бұл өңірге 1,8 миллион турист келген. Вице-премьер еліміздің курорттық аймақтарында кездесетін жүйелі мәселелерге назар аударды.