Көкшетауда жұмысшы биіктіктен құлап көз жұмды
Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірінде 54 жастағы ер адам жұмыс барысында биіктіктен құлап, ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.
14 шілде күні жедел жәрдем станциясының фельдшері полицияға өндіріс орнында болған қайғылы оқиға жөнінде хабарлаған.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, марқұм сырлау жұмыстары кезінде баспалдақ сынып кетіп, биіктіктен құлаған.
– Ер адам басына қатты жарақат алған. Оқиға орнында жан тапсырды. Аталған дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі ("Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды, – делінген полиция таратқан хабарламада.
Оқиғаға байланысты мемлекеттік еңбек инспекциясы да тексеріс жүргізетін болады.