Жаңалықтар

Премьер Перизат Қайрат ісінен кейін қайырымдылық қорларының жұмысы өзгереді деп уәде етті

Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот процесі басталды. Ол миллиардтаған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген. 

Осы оқиғаға байланысты журналистер премьер-министр Олжас Бектеновтен қайырымдылық қорларының жұмысына қандай да бір өзгерістер енгізіле ме деп сұрады. Ақша жинаумен айналысатын ұйымдарға жаңа талаптар қойыла ма?

«Өмірдің өзі көрсетіп отыр – кейде бюджет қаржысы ғана емес, жұрттан жиналған қайырымдылық қаражат та мақсатсыз жұмсалады. Қайратқа қатысты іс — соның жарқын мысалы, бірақ жалғыз емес. Бұл – ең шулы істердің бірі. Меніңше, осы салада заңнамалық өзгерістер қажет. Қаражаттың қалай және қайда жұмсалғаны қатаң бақылауда, есеп беруге міндетті, ашық болуы керек. Ең алдымен, қаржының қалай ұрланғанын анықтау маңызды. Бұл қор арқылы ақша қандай жолмен жымқырылғанын құқық қорғау органдары нақты схема ретінде көрсетеді деп ойлаймын», — деді премьер-министр Бектенов.

Оның айтуынша, осындай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін тиісті заңға нақты түзетулер енгізілетін болады.