Жаңалықтар

Серік Ахметов пен Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеулерді қадағалаған экс-басшыға қылмыстық іс қозғалды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды, деп хабарлаймыз «Курсив» басылымына сілтеп.  

«2025 жылғы 4 шілдеде Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша (азаптау) қылмыс жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды», – делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Айта кетелік, Олеся Кексель 2018 жылы Бас прокуратура жанындағы арнайы прокурорлар қызметін басқарған. Ол сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылары болған Талғат Татубаев пен Қайрат Қожамжаровтың командасында жұмыс істеді. Кексель атышулы істерді – бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаев және Жақсылық Досқалиевке қатысты тергеулерді қадағалаған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Олеся Кексель БТА банкінің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты тергеу барысында рұқсат етілмеген әдістерді қолдануға қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталғаннан кейін, желіде Олеся Кексельдің үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.