Жүлде қоры 45 миллион теңге: Астанада қымыз фестивалі өтпек
2025 жылдың 19-20 шілдесінде Астанадағы «Қазанат» ипподромында қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған гастрофестивал өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. «БайҚымыз – Бапталған қымыз» шарасына Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ге жуық қымызшылар, сондай-ақ жылқы өсірушілер қатысады,- деп хабарлайды newsroom.kz
Шараға 60 мыңға дейін адам келеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылар BaiQymyz-ті Октоберфестке ұқсас халықаралық мәдени және ауылшаруашылық брендіне айналдыруға тырысады. Екі күн ішінде қонақтар Қазақстанда өндірілген қымыздың барлық түрлерінен дәм татып, республикада өсірілетін жылқы тұқымдарымен танысып, концерттер, көрмелер, интерактивті шаралардан тұратын этномәдени бағдарламаны тамашалай алады.
Фестивальдің ерекше оқиғасы – «Үздік қымыз» атағына байқау болмақ. Байқау жеңімпаздары арнайы марапаттарға ие болады, жүлде қоры 45 млн теңге: 1 орын – 20 млн теңге, 2 орын – 15 млн теңге, 3 орын – 10 млн теңге. Жылқы көрмесінде қазақтың көне тұқымдары – Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғажар, Адай, сондай-ақ спорттық жылқылардың тұқымдары қойылады. Шеберлер ер-тоқым, қамшы, ат әбзелдері және т.б қолөнер бұйымдарын көрсетеді. Келушілер өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып ала алады. Көрменің ерекшелігі сирек заттар мен асыл тұқымды жылқылардың аукционы болмақ.
Фестиваль аясында да өтетін ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығын дамытудың келешегі талқыланады. Қазақстандық зерттеушілермен қатар Германия, Ресей және Қырғызстаннан келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер баяндама жасайды.