935 миллион қайтарса да – Ермегияевке бостандық жоқ
Алматыда сот «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Енді ол 14 жылдық жазасының қалған бөлігін өтеуді жалғастырады.
Алатау аудандық сотының мәліметінше, Ермегияев жазасын өтеп жатқан мекеме оның тәртіпті екенін және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқанын растаған.
Экс-шенеунік осы уақыт ішінде сегіз рет үлгілі тәртібі үшін марапатталыпты. Сонымен қатар ол мемлекетке келтірілген шығынның бір бөлігін – 935 миллион теңгені өтеген. Алайда прокурорлар бұл жеткіліксіз деп санап, шартты түрде босатуға қарсы болды.
Айыптаушы тарап Ермегияев мемлекетке келтірілген залалды толық өтемегенін алға тартты. Осы уәжді негізге алған сот өтінішті қабылдамай тастады. Аталған шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ, ол шағымдануға жатады.
Еске сала кетейік, Талғат Ермегияев 14 жылға сотталып, соның 9 жылын өтеген. Осы уақыт – шартты түрде босатуға өтініш беруге құқық беретін межеден асады. Бұған дейін оның ұлы Мади Ермегияев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, әкесінің жазықсыз сотталғанын мәлімдеген болатын.
2016 жылы Талғат Ермегияев лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және мемлекеттік қаражатты ысырап ету (780 млн теңге) баптары бойынша кінәлі деп танылған еді.