Бәрекелді! Санжар Мәди өз атынан 10 білім грантын бөлді
Белгілі актер, продюсер Санжар Мади өз атынан 10 білім грантын бөлді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз Facebook парақшасында жариялады,- деп хабарлайды newsroom.kz
"Мемлекет басшысы министрлікке Қазақстанда ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын дамыту және білім алуға ұмтылған жастар үшін мүмкіндіктер жасау жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылуда.
Осы міндет аясында белгілі актер, продюсер Санжар Мади мырзамен кездестім. Студенттер мен жас дарындарды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды талқыладық.
Санжар Мәди Қаскелең қаласында ашылатын Нью-Йорк киноакадемиясының жаңа филиалында білім алатын 10 студентке шәкіртақы ретінде 50 000 АҚШ долларын бөлді. Бұл — білім мен адами капиталды дамытуға жасалған инвестицияның жарқын үлгісі.
Аталған игі бастама үшін министрлік атынан алғыс білдірдім. Расында бұл ізгі іс - жай ғана демеушілік емес, бұл — ел болашағына құйған инвестиция"-делінген министр мәлімдемесінде.