Жаңалықтар

Қазақстандықтарға шетелде жүру үшін халықаралық жүргізуші куәлігі керек емес

Қазақстанда жеке туристік агенттіктер немесе компаниялар арқылы халықаралық жүргізуші куәлігін алу заңға қайшы. Бұл туралы Polisia.kz порталына сілтеме жасап newsroom.kz хабарлады.

Полицияның түсіндіруінше, мұндай ұйымдардың беретін «құжаттарының» ешқандай құқықтық күші жоқ. Олар ресми құжат ретінде танылмайды және шетелде жарамсыз. Құқық қорғау органдары азаматтарды алаяқтардың арбауына түспеу үшін тек мемлекеттік органдар мен ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда берілетін жүргізуші куәлігі халықаралық талаптарға сай. Ол 1994 жылы Қазақстан қосылған Вена жол қозғалысы туралы конвенцияға сәйкес 180-нен астам елде жарамды болып есептеледі.

Сондықтан шетелге шыққанда қосымша "халықаралық куәлік" жасатудың қажеті жоқ. Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі мен оның нотариалды расталған аудармасы жеткілікті болуы мүмкін. Алайда бұл – әр елдің ішкі заңнамасына байланысты реттелетін мәселе.

Полиция жүргізушілерге интернеттегі күмәнді жарнамаларға сенбеуге, абай болуға кеңес береді.