Жаңалықтар

Алматы - Қазақстанның сыртқы саудадағы көшбасшысы

2025 жылдың соңғы деректеріне сай, Алматы қаласы өңірлер арасында сыртқы сауда көлемі бойынша абсолют көшбасшы атанды,- деп хабарлайды newsroom.kz

Мегаполистің жалпы тауар айналымы 7,2 млрд АҚШ долларын құрады, оның 1,3 млрд АҚШ доллары экспортқа тиесілі. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4%-ға жоғары.

Алматы жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттайтын орталық ретінде өз позициясын тұрақты түрде нығайтып келеді. Экспорт құрылымында жетекші орындарды газ турбиналары, авиация қозғалтқыштары, смартфондар, металл конструкциялар, ыстықтай иленген пруттар, легирленген болат, қант және минералды тыңайтқыштар алады. Сонымен қатар, отандық күнделікті сұраныс тауарларының үлесі де артып келеді. Олардың ішінде ұшу аппараттары, минералды су, жануарларға арналған жем, шоколад, теледидарлар, косметика және зергерлік бұйымдар бар.

Қаланың негізгі сауда серіктестері – Қытай ($1,8 млрд), Ресей ($1,58 млрд) және Корея Республикасы ($346 млн).

«Алматы экспорты тұрақты түрде өсіп келеді. Біз жыл сайын көп кәсіпкердің сыртқы нарықтарға шығып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе машина жасау, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларында. Бұл - өңірдің қуатты базасы мен экспорттық экожүйенің тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Біз осындай табысты мысалдар көбейе түссін деген мақсатта бұдан әрі де еліміздің барлық өңіріндегі экспорттаушыларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі жанындағы QazTrade компаниясының басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.