Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақ спортшыларына діни сенімдерін ашық көрсетуге ресми тыйым салынды

2025 жылғы 19 шілдеден бастап елімізде Туризм және спорт министрінің бұйрығымен бекітілген Спорттық этиканың жаңа ережелері күшіне енеді. Құжаттағы ең көп талқыланған тармақтардың бірі — спортшылар, бапкерлер мен төрешілердің діни сенімдерін ашық білдіруіне тыйым салынуы.

Қазақ спортшыларына діни сенімдерін ашық көрсетуге ресми тыйым салынды
Фото: ашық дереккөзден (Рональдоның шүкіршілік сәждесін жасау сәті)

Жаңартылған ережеге сәйкес, спорттық іс-шараларға қатысушыларға команда ішінде өз діни ұстанымдарын ашық көрсетуге, сондай-ақ өзгелерді діни ұйымдарға қатысуға не миссионерлік қызметке тартуға тыйым салынады. Мұндай әрекеттер Спорттық этиканы бұзу ретінде бағаланады.

Сонымен қатар құжатта мыналарға да тыйым салынған:

  • бейәдеп сөздер мен қорлау мәніндегі ым-ишара қолдану;
  • оқу-жаттығу үдерісіне қатысты ақпаратты сыртқа тарату;
  • жарыс барысына кедергі келтіретін не елдің беделіне нұқсан келтіретін кез келген әрекет;
  • жарыс алдында, кезінде немесе кейін кез келген формада (ауызша, жазбаша, ишара арқылы) қоқан-лоққы көрсету.

Жаңа талап бойынша, спортшылар ҚР Мемлекеттік гимнінің мәтіні мен әуенін білуге міндетті, ал жаттықтырушылар олардың гимнді меңгеруін қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ спорт ұйымдарының басшыларына Спорттық этиканың мәтінін көзге көрінетін жерлерге іліп, қызметке қабылданған барлық қызметкерлер мен спортшыларды жазбаша түрде құжатпен таныстыру тапсырылған.

Министрлік өкілдері бұл өзгерістер адал ойын қағидаттарын нығайтып, мемлекеттік рәміздерге құрметті арттырып, қазақстандық спорттың оң имиджін қалыптастыруға бағытталғанын алға тартады.

Алайда, жаңа ережелер қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желілер мен кәсіби ортада кейбір азаматтар діни сенімді ашық білдіруге тыйым салу — азаматтардың ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін шектеуі мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату