Мәдениет министрлігі Қастеев музейіндегі сыра ұсынылған фуршетке қатысты пікір білдірді
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде тегін сыра таратылып видеожазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, Мәдениет министрлігінің реакциясын тудырды. Министрлік бұл оқиға 3 шілде күні «Әйел еңбегі» атты қайырымдылық көрмесінің жабық ашылуы кезінде болғанын растады.
«Іс-шара музейдің жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін өтті. Көрменің ашылуына келушілер алдын ала жасалған тізім бойынша, 21 жастан асқандар ғана жіберілді. Тараптардың келісімімен музейде алкогольсіз сусындар ұсынылатын фуршет өткізуге рұқсат берілген. Алайда кейтерингпен айналысатын компания бұл талапты бұзып, құрамында алкоголь бар сусындарды да ұсынған», – деп мәлімдеді Мәдениет министрлігі.
Министрлік мәліметінше, жауапты тұлғалар анықталып, «Эфес Қазақстан» жеке кәсіпкерлігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, компанияға айыппұл салынған.