Коронавирустың жаңа түрі таралып жатыр
Ұлыбританияда COVID-19 вирусының жаңа түрлері – Stratus XFG және XFG.3 штаммдары тіркелді. Елдің денсаулық сақтау қызметінің мәліметінше, бүгінде осы екі штамм коронавируспен ауырғандардың 30 пайызын құрап отыр.
Мамандардың айтуынша, Stratus нұсқалары өзгеше белгілермен байқалады. Мысалы, науқастарда дауыстың қарлығуы мен созылмалы шаршау сияқты симптомдар жиі кездеседі. Дегенмен әзірге бұл түрлердің ауыр асқынуға әкелетіні дәлелденген жоқ.
Бұған қоса, ел аумағында Nimbus деп аталатын жаңа штамм да тіркелуде. Бірақ қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Эпидемиологтер жаңа індет толқыны туындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сол себепті мамандар тұрғындарға сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертіп, ал қауіп тобына жататын азаматтарға қажет болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес беріп отыр.