Енді ағашта да төлқұжат бар: Ағаштың да өмірбаяны болады
Елордада ағаштарға арналған ерекше жоба жүзеге асып жатыр. «Green ID» деп аталатын бастама аясында қаладағы әрбір ағашқа жеке цифрлық төлқұжат берілмек. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасында айтылды.
Жоба негізінде саябақтардағы ағаштарға QR-код орнатылады. Тұрғындар сол кодты сканерлеу арқылы жасыл желектің қай жылы отырғызылғаны, соңғы рет қашан суарылғаны және ағаштың жалпы жағдайы туралы мәлімет ала алады.
— Қазіргі таңда 50-ге жуық ағаш цифрландырылды. Келесі кезеңде ылғал деңгейін өлшейтін арнайы датчиктер орнату жоспарда бар. Бұл арқылы топырақ құрамындағы макро- және микроэлементтердің жетіспеушілігін уақытында анықтап, ағаш күтімін оңтайландырамыз, — дейді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу институтының ландшафтық дизайн орталығының жетекшісі Гүлнұр Имамбекова.
Бастапқы кезеңде бұл жоба «Жастар» және «Ғашықтар» саябақтарында қолға алынған.
Айта кетейік, көрермендердің қызығушылығын тудырған «Таза қала» тележобасы биыл жаңа маусыммен қайта оралды. Жоба түсірілім тобы еліміздегі моноқалалар мен мегаполистердегі (Астана, Алматы, Шымкент) экологиялық жағдайды тереңірек зерттеп, аптасына екі рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да эфирге шығады.