Трамп Тоқаевқа хат жолдады: 25 %-дық кеден салығы енгізілді
АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыздық кедендік алым салынатынын мәлімдеді. Бұл қазіргі қолданыстағы салалық тарифтерден бөлек күшіне енеді. Сондай-ақ, бұл баж салығын айналып өтпек болған тауарларға да (яғни үшінші елдер арқылы кіргізілген өнімдерге) бұдан да жоғары мөлшерлеме қолданылатыны айтылған. Бұл туралы TRUTH Social платформасында жарияланған хатта жазылған.
АҚШ президенті осындай мазмұндағы ресми хаттарды Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Лаос, Оңтүстік Африка және Мьянма басшыларына да жолдаған.
Сәуірдің 2-сінде Ақ үй басшысы сауда серіктестеріне қарсы ауқымды кедендік баждар енгізілетінін жариялаған еді. Сол кезде кеңейтілген тізімге Қазақстан да енген. 5 сәуірден бастап барлық елдерден келетін импортқа 10 пайыздық базалық тариф енгізілді. Кейін АҚШ бұл өсімді 90 күнге шегерген болатын.
Ал 7 шілдеде Трамп BRICS ұйымының «Америкаға қарсы саясатын» қолдайтын елдерге қосымша 10 пайыздық тариф салатынын ескертті.