Әлем

Илон Маск партия ашам деген соң  Tesla акциялары күрт арзандады

7 шілде, дүйсенбі күні, Tesla компаниясының акциялары алдын ала сауда кезінде 6,8%-ға арзандады. Бұл құлдырау Илон Масктың алдыңғы күні «Америка» атты жаңа саяси партия құратынын мәлімдегеннен кейін тіркелді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, инвесторлар бұл мәлімдемені Масктың бизнеске емес, саясатқа бет бұра бастауының белгісі ретінде қабылдаған.

Аналитиктердің пікірінше, нарық Масктың саяси белсенділігі Tesla-дағы басшылық назарын бөлшектеп жібереді ме деген қауіппен алаңдаулы. Бұған дейін ол Дональд Трампты қолдау кампаниясына шамамен 300 миллион доллар жұмсаған, алайда мамыр айында ендігі бес жыл бойы саясаттан шеттеп, тек Tesla-ға назар аударатынын айтқан болатын.

«Инвесторларды екі нәрсе алаңдатады: бірі — Трамппен арадағы кикілжің салдарынан мемлекеттік қолдаудан айырылып қалу қаупі, екіншісі — Масктың тағы да бизнестен алыстап бара жатқаны»,
— дейді Saxo Markets компаниясының инвестициялық стратегы Нил Уилсон.

Маск пен Трамп арасындағы текетірес маусым айында өрши түсті. Маск президент әкімшілігі ұсынған «Үлкен заң жобасын» сынап, оған қарсы шықты. Бұған жауап ретінде Трамп Tesla мен SpaceX сияқты Маск компанияларына берілетін мемлекеттік субсидиялар мен келісімшарттарды қайта қарауға уәде берді.

Екеуінің арасындағы ашық тартыс нәтижесінде олардың компанияларының акциялары құлдырай бастады.

Трамп Масктың саяси партия құру бастамасын «күлкілі» деп атап, оның әрекеті мүдде қайшылығына жол ашады деп сынға алды.

Wedbush сарапшысы Дэн Айвз акционерлер арасында Масктың саяси белсенділігіне деген шаршаңқылықбайқалатынын айтты. Ал Azoria Partners инвестициялық компаниясының басшысы Джеймс Фишбек Tesla директорлар кеңесін Масктың саяси ұстанымын түсіндіруге және оның CEO ретіндегі қызметімен қаншалықты үйлесетінін бағалауға шақырды.

БАҚ-тың жазуынша, қазіргі таңда:

Tesla-ның жаңа модельдер ұсынбауы

Ақ үймен арадағы қақтығыстар

Сатылым деңгейінің төмендеуі

осының бәрі компанияның нарықтағы позициясын әлсіретіп жатыр.

Трамп қайта сайланғаннан бері Tesla акциялары 35%-ға арзандап, өткен аптада $315,35 деңгейінде жабылды. Желтоқсан айында бұл көрсеткіш $488 болған еді.

Бүгінде Tesla АҚШ-тың ең ірі және жылдам дамып келе жатқан "Керемет жетілік" технокомпанияларының арасында ең әлсіз актив болып саналады.