Қазақстан мен ЕАЭО елдеріне МРТ аппараттарын әкелу жеңілдетілді
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) одақ елдеріне, соның ішінде Қазақстанға, заманауи МРТ аппараттары сияқты жоғары технологиялы медициналық құрылғыларды әкелу тәртібін жеңілдету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ЕЭК-тің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы жеңілдетілген тәртіпті іске асыру үшін радиожиілік жолағының кеңейтілген тізімі бекітілді. Бұл тізімге енген өнімдер үшін лицензия, қорытынды немесе бірыңғай реестрден анықтама талап етілмейді.
— Бұл құрылғылар сапалы бейнелеу мүмкіндігімен, оңай орнатылуымен және пайдалану ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Олардың техникалық сипаттамалары электромагниттік кедергілер туғызбайды, — деді ЕЭК-тің кедендік тарифтік және бейтарифтік реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.
Бұл шешім мұндай құрылғыларды импорттаудағы шығынды азайтып, дәрігерлік жабдықтарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Құжат жарияланғаннан кейін бір айдан соң күшіне енеді.
Айта кетейік, 25 маусымда Мәжіліс ЕАЭО Кеден кодексіне өзгерістерді қабылдаған болатын. Онда электрондық сауда декларациясы атты жаңа формат енгізіліп, қазақстандықтар 200 еуродан асатын сатып алымдарына декларация толтыру ақысын өздері төлейтін етіп бекітілген.
Сонымен қатар, ЕАЭО елдерінен автокөлік сатып алған қазақстандықтар электрондық паспорт (ЭПТС) рәсімдеудің қатаң талабына байланысты көлікті тіркете алмай қалуы мүмкін екені де хабарланған.