Жаңалықтар

Өзбек шекарашысы Назарбаевты ұрды ма?

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында шымкенттік Жандос Оразбайұлы Назарбаев шекара қызметкерінің соққысына ұшырады. Оқиғаның мән-жайын ол өзі әлеуметтік желіде жариялаған видеода баяндады.

Жандостың айтуынша, өзбек шекарашысы телефонын өшіріп, ішіндегі бейнелерді көрсетуін талап еткен. Кейін дауыс көтеріп, архивтегі видеоны өшіруді бұйырған. Қарсылық білдірместен орындап жатқан сәтте шекара қызметкері еш ескертусіз оған күш қолданған.

Оқиғадан соң Жандос Шымкент қалалық Полиция департаментіне шақырылып, болған жағдай бойынша жазбаша түсініктеме берген. Ол бейнематериалды әлеуметтік желіге жүктеп, бұл әрекет арқылы шекарашының заңсыздыққа барғанын көрсетуге тырысқанын айтты.

Аталған видео Өзбекстанның Ішкі істер министрлігіне, Шекара қызметіне және Туризм саласының жауапты тұлғаларына дейін жеткен. Қазіргі таңда көрші елде ресми тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Жандоспен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де байланысқа шыққан. Ведомство өкілдері тергеу барысы жайлы ақпарат беріп, бейнематериалдың тергеу аяқталғанша сақталатынын хабарлаған.