Израиль Йеменге соққы беруге дайындалып жатыр
Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац Йемен аумағында «Қара ту» әскери операциясы жүріп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) хуситтер билігіне тиесілі бірқатар нысанға – Ходейда, Ас-Салиф және Рас-Иса порттарына, Рас-Катибтегі электр станциясына және екі жыл бұрын басып алынған Galaxy Leader кемесіне соққы жасаған. Министр кеменің Қызыл теңіздегі «террористік әрекеттерге» пайдаланылып жатқанын айтты.
«Бұған дейін ескерткенімдей: Йеменнің тағдыры Тегеранның тағдырындай болады. Израильге шабуыл жасамақ болған әркім соққы алады, ал қол көтергендер сол қолынан айырылады», – деп жазды министр Х платформасында (бұрынғы Twitter).
Израильдің бұл мәлімдемесіне дереу жауап қатқан «Ансар Алла» қозғалысының саяси бюросы:
«Біздің ұстанымымыз өзгермейді. Израиль қанша уақыт бойы елімізге шабуыл жасап, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымды қиратса да, халқымыз Газаға қолдау көрсетуден таймайды. Біз бұл қолдауды Израиль агрессиясы тоқтап, қоршау алынғанша жалғастырамыз», – деді қозғалыс өкілі Хизам әл-Асад.
Сондай-ақ Ұлыбританияның теңіз агенттігі Қызыл теңізде хуситтердің әрекетінен грек кемесі суға кеткен болуы мүмкін екенін хабарлады.