Илон Маск «Америка» партиясын құрғанын жариялады
Илон Маск X желісіндегі парақшасында АҚШ-та жаңа саяси күш — «Америка» партиясының құрылғанын ресми түрде хабарлады.
Бұл бастаманы Х желісінде 1,2 миллионнан астам адам қолдаған. Яғни, сауалнамаға қатысқандардың 65,4 пайызы жаңа партияның қажет екенін жеткізген. Маск өзінің жазбасында:
«Жаңа партияны қалағандарыңыз 2:1 айырмасымен анықталды — енді ол сіздерде болады. Қазір біз демократияда емес, бір партия билік ететін жүйеде өмір сүріп жатырмыз. Елді жемқорлық пен орынсыз шығындар құрдымға кетіріп барады. “Америка” партиясы сіздің еркіндігіңізді қайтару үшін құрылды», — деп жазды.
Илон Маск кезінде Трамптың мемлекеттік басқару тиімділігі жөніндегі кеңесшісі болған (DOGE), алайда кейін бизнес мүдделерге байланысты екеуінің арасы суығаны айтылып жүр. Енді әлемнің ең бай адамы қолданыстағы жүйеге ашық қарсы шығып, «Америка» партиясын қазіргі бір партиялық билікке балама ретінде ұсынып отыр.