Алматы облысында экс-полицей көлігімен баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
4 шілдеде Алматы облысы Көкөзек ауылында Lexus RX 300 көлігінің жүргізушісі артқа жүріп бара жатып, велосипед тепкен 6 жасар баланы қағып кеткен.
Апаттан кейін көлік иесі баланы қараусыз қалдырып, оқиға орнынан ізін суытқан. Бала жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы мен көмек көрсетпей кету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.
«6 шілдеде көлікті тізгіндеген 42 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ұсталған азамат бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген, бірақ теріс себептермен жұмыстан қуылған.