Атырауда екі оқушы өз-өзіне қол салды: екеуі де көпбалалы отбасынан шыққан
Атырауда екі күн ішінде екі мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсап, қалада қайғылы жағдай тіркелді. Екі жасөспірім де бір мектептің оқушылары болғаны анықталды.
Мектеп директоры Айғаным Махметованың айтуынша, қаза тапқан ұл бала 9-сыныпты енді ғана аяқтап, аттестат алған. Алда оқуын жалғастырмақ болған екен.
— Бұл өте ашық-жарқын, мейірімді бала еді. Көпбалалы отбасының үшінші перзенті. Ата-анасына өте жақын, үлкендерді құрметтейтін, ортасына сыйлы, үнемі күліп жүретін. Мектепте тәртіп бұзбады, — деп еске алады директор.
Екінші қайтыс болған оқушы — 10-сыныпта оқыған қыз бала. Ол да айналасына тек жақсы әсер қалдырған.
— Үздік оқушы, белсенді, көпбалалы отбасынан шыққан. Өте жауапты, мақсатшыл, тәрбиелі әрі мейірімді еді. Қазірге дейін нақты себебін білмейміз. Бұл — бүкіл мектеп үшін ауыр қайғы. Біз өте жақсы балалардан айырылдық, — дейді мектеп басшысы.
Қайғылы оқиғалар жазғы демалыс кезінде болған. Алайда мұғалімдердің айтуынша, оқу жылы бойы мектепте жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып келген: психологтармен кездесулер, ата-аналар жиналысы, тақырыптық сынып сағаттары өткен.
Қазір бұл жағдайға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.