«Музей ме, әлде сырахана ма?» — меммузейде тегін сыра таратылған
Қазақстандық блогер Құрманғазы Нияз Instagram парақшасында Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде өткен шараға қатысты наразылық білдірді.
Ол жариялаған видеода адамдарға толы музей залында танымал сыра бренді логотипі бар үстелдер қойылып, бөтелкелермен сыра ұсынылғаны байқалады. Блогер мұндай көріністі сынға алып, шараға қатысушылардың арасында балалардың жүргенін атап өтті.
«Бұл музей ме, әлде сырахана ма? Бұл – ұят жағдай», – дейді Құрманғазы Нияз.
Ол Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны бұл оқиғаға назар аударуға шақырып, музейдің осы министрлікке қарайтынын еске салды. Сонымен қатар, Алматы қаласының полиция департаменті мен ҰҚК-ден шараның заңдылығына қатысты түсініктеме беруді сұрады.