Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақстан мобильді интернет тұтыну бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына кірді

Nexign компаниясы мен TelecomDaily агенттігінің бірлескен зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан жан басына шаққандағы мобильді интернет тұтыну көлемі бойынша әлемде алғашқы ондыққа енді. 2024 жылы еліміздің телекоммуникация нарығы 11 пайызға өсіп, 1,362 триллион теңгеге жеткен.

Қазақстан мобильді интернет тұтыну бойынша әлемдегі үздік он елдің қатарына кірді
Фото: 365info

Өсімге негіз болған себептердің бірі – байланыс қызметтерінің бағасы шамамен 20 пайызға қымбаттауы. Бұл инфляцияның да әсерінен. Сонымен қатар операторлар инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде 5G желілерін іске қосуға қомақты инвестиция салған. Соңғы екі жылда елдегі мобильді трафик көлемі екі есе артқан.

Зерттеуде телеком нарығындағы табыстың құрылымы да көрсетілген: 53 пайызы – интернет қызметтері, 17 пайызы – ұялы байланыс, ал 3,3 пайызы – тұрақты (фиксацияланған) телефон байланысы. Айта кетейік, бұл дәстүрлі байланыс түрінің үлесі жылдан жылға азайып келеді – 2024 жылы 10 пайызға қысқарған.

Мамандар Қазақстанда мобильді интернет күнделікті тұрмыстық қажеттіліктен бөлек, цифрлы экономиканың маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өткен. Ол коммуналдық қызметтер, көлік, ауыл шаруашылығы мен логистика салаларында кеңінен қолданылып жатыр. Ауылдық және алыс елдімекендерге интернет таралуы күшейіп, IoT құрылғыларының саны артқан, цифрлық қызметтер мен видео-контент тұтыну көлемі де өсіп келеді.

Телеком саласының қарқынды дамуы сапалы байланыс пен тұрақты желіге қойылатын талапты арттырған. Сарапшылар 5G-ге толық көшу кезеңінде нормативтік базаны жаңартып, инфрақұрылымға инвестицияны жалғастыру қажет екенін ескертеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату