Әлем

Парижде өзбекстандық банкирді ұрлап әкетті

Өзбекстандық қаржыгер, Anorbank банкінің иесі Кахрамонжон Олимов Париждің қақ ортасынан ұрланып, біраз уақыттан кейін тек төлем төленген соң босатылған. Бұл туралы Le Monde басылымына сілтеме жасап, newsroom.kz хабарлайды.

48 жастағы Кахрамонжон Олимовты 23 маусым күні Париждің элиталы ауданында белгісіз адамдар ұстап әкеткен. Кейін оны Ницца маңындағы бір вилланың жертөлесіне апарып, ұрып-соғып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ол тек құн төленген соң ғана босатылған.

Париждегі Hôtel-Dieu ауруханасының дәрігері банкирдің денесінде көптеген көгерулер мен жарақаттар барын айтқан. Өзі ұйқысыздық пен үрейден арыла алмай жүргенін жеткізген. Жеке көмекшісінің айтуынша, «жағдай ауыр болғанымен, енді артта қалды».

Олимов Францияға жергілікті серіктестерімен келіссөз жүргізіп, жылжымайтын мүлік сатып алу бойынша мәміле жасау үшін барған.

Қазір бұл оқиға бойынша «адамды заңсыз бостандықтан айыру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, бір адам қамауға алынған.

Gazeta.uz порталының мәліметінше, Өзбекстанның банк жүйесіндегі дереккөздер де Олимовтың ұрланғанын растаған. Anorbank пен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сұрау жолданған.

Кахрамонжон Олимов кім?
2020 жылы құрылған Anorbank цифрлық банкінің 99,38% акциясына иелік етеді. Банк активтері 1 миллиард доллардан асады. Сонымен қатар Олимов Нидерландыда тіркелген компания арқылы Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сурхандария облысында EDF компаниясымен бірлесіп, газ-турбиналық электр станциясын салу жобасына қатысып жатыр.

Бұған қоса, ол Hamyon қызметін ұсынатын Milliy To‘lov Tizimlari, Clever Mikromoliya Tashkiloti, Distri For Country (төлем жинау және кредиттік бюро қызметі), Anor Assets (қаржылық лизинг) және Dynamic Energy(жылу электр станциялары арқылы энергия өндіру) сияқты бірнеше компанияның иесі немесе серіктесі. 2023 жылы ол Францияның bi1 супермаркет желісін Өзбекстан нарығына енгізуге қатысқан тұлға ретінде аталды.