«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы 30 маусымда министрлікке тағайындалған болатын. Ол бұл қызметте Марат Қарабаевтың орнын басты. Қарабаев маусым айының басында, көлік саласындағы бірқатар мәселе үшін сөгіс алғаннан кейін қызметінен босатылды.
Бүгінгі кездесуде Мемлекет басшысы министрге транзиттік дәліздердің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды қабылдауды тапсырды.
– Қазақстан арқылы өтетін жүк ағынын көбейту үшін автожолдар мен әуехабтар желісін қарқынды дамыту маңызды. Сондай-ақ теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың уақытында жүзеге асырылуына ерекше назар аудару қажет, – делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Президент Сауранбаевқа саладағы проблемаларды терең саралап, бұған дейінгі тәсілдерді қайта қарауды тапсырды. Яғни жаңа министрге Қарабаевтың «мұрасын» түгендеуге тура келеді.