Жаңалықтар

Ақтөбеде өндіріс орнында жарақат алған екі жұмысшы көз жұмды

Ақтөбеде «Қамқор локомотив» ЖШС аумағында екі жұмысшының қатысуымен қайғылы оқиға тіркелді. Олар өндірістік жарақат алып, облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, аман қалмады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарақат алған азаматтарға шұғыл түрде барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген, жағдайлары тәулік бойы бақылауда болған. Алайда алған жарақаттары тым ауыр болып, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенде жалын сөндірілгендіктен, олардың араласуы қажет болмаған. Қазір бұл оқиғаға байланысты облыстық еңбек инспекциясы арнайы тергеу жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, өткен айда да өңірде осындай оқыс жағдай тіркелген еді – «Болашақ» шахтасында қысқа уақыттық тұтану болып, зардап шеккен жұмысшылар алдымен Ақтөбеде, кейін елордада ем қабылдаған.