Жаңалықтар

Ғылыми-техникалық болжау дамудың басым бағыттарын анықтауға көмектеседі

Климат, технологиялар мен экономикалық сын-қатерлер бізден жаңа шешімдер қабылдауды талап етеді. Осындай жағдайда ғылым мен технологиялар жай ғана маңызды емес – олар қауіпсіздік, тәуелсіздік және орнықты дамудың негізіне айналуда,- деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақстанның өзгермелі әлемнен қалыс қалмауы үшін не істеу қажет?

Қазақстан бұл сын-қатерлердің ауқымын және ғылымның оларға жауап берудегі рөлін түсіне отырып, ғылыми форсайттың (ғылыми-техникалық болжау) ұлттық жүйесін құрып жатыр. Бұл жүйе ғылым болашақта ел игілігіне жұмыс істеуі үшін ең маңызды ғылыми бағыттарды анықтап, күш пен ресурстарды қайда бағыттау керектігін нақтылауға көмектеседі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым – мемлекеттің болашағының кілті екенін бірнеше рет атап өткен. Ол өз Жолдауларында ғылыми инфрақұрылымды жаңарту, зерттеушілерді қолдау және ғылыми жаңалықтардың нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету қажеттігін жиі көтереді. Ең басты міндет – болашағы зор зерттеу бағыттарын алдын ала анықтап, ресурстарды қоғам мен экономикаға ең көп пайда әкелетін салаларға бағыттауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру. Осы бағытта Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Академия ғылыми басымдықтарды таңдауда заманауи әдістерді енгізіп, цифрлық технологиялар мен деректер талдауын пайдаланып отыр.

Ғылыми болжау жүйесін құру – бұл жай ғана кезекті жоба емес, бұл – стратегиялық қадам. Қазақстан жекелеген ғылыми жобаларды шашыраңқы түрде қолдаудан бас тартып, экономикалық өсудің, технологиялық тәуелсіздіктің және халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың басты қозғаушы күштерінің бірі болатын қуатты, бірыңғай ғылыми жүйені құруды көздеп отыр. Бұл үшін қай ғылыми бағыттар ең маңызды екенін нақты түсіну қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми басымдықтарды айқындаудың тиімді жүйесі – ғылымның табысты болуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Мысалы, Ұлыбританияда ғылыми бағыттар үш топқа бөлінеді:

• фундаменталды ғылымдар – білім қорын кеңейту үшін,

• миссиялық ғылымдар – денсаулық сақтау немесе энергетика сияқты нақты елдік міндеттерді шешу үшін,

• қолданбалы ғылымдар – өндірісте тікелей пайдалануға арналған.

Мұндай тәсіл ресурстар мен күтілімдерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Канадада стратегиялық маңызды тақырыптар – мысалы, биотехнология немесе экология – ерекше назарда ұсталып, сонымен қатар барлық ғалымдарға, әсіресе жастар мен өңірлік зерттеушілерге арналған ашық байқаулар өткізіледі. Бұл жүйені икемді әрі ашық етеді.

Сингапур ғылымды экономикалық қажеттіліктермен нақты байланыстырып, басты бағыттарды – денсаулық сақтау, «ақылды» қалалар, экология – басымдық ретінде белгілейді.

Осы контексте Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылыми бағыттарды жіктеудің жаңа моделін ұсынды.

Стратегиялық басымдықтар – бұл экономиканың негізгі салаларына қатысты: мұнай-газ секторы, тау-кен-металлургия кешені, агроөнеркәсіп, су қауіпсіздігі және адами капиталды дамыту.

Перспективалы бағыттар – алдыңғы қатарлы салалар: жасанды интеллект, биомедицина, климат пен «жасыл» технологиялар.

Негізгі ғылым салалары – ғылымның іргетасы: математика, ақпараттық технологиялар, энергетика және инженерлік ғылымдар.

Инновациялық идеялар – конкурс арқылы гранттар беретін икемді механизмдер арқылы жүзеге асады. Бұл ғылыми бастамаларды ынталандырып, зерттеулердің әртараптандырылуын қамтамасыз етеді.

Бүгінде пәнаралық тәсілдер ерекше маңызға ие – әртүрлі ғылым салаларының тоғысынан шынайы серпілістер туындайды. Мысалы, биотехнология жасанды интеллектпен, энергетика – экологиямен, ал IT – медицинамен ұштасып жатыр. Мұндай тәсіл кешенді әрі заманауи шешімдер ұсынуға жол ашады.

Медицина саласында, жасанды интеллектке негізделген зерттеулердің нәтижесінде телемедицина мен дербестендірілген емдеу жүйелері пайда болуда. Бұл жүйелер ауруларды алдын ала анықтауға, қауіптерді бағалауға және жеке емдеу тәсілдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Машиналық оқыту алгоритмдері бүгінде медициналық кескіндерді, биомаркерлерді, тіпті генетикалық ақпаратты талдап, созылмалы және онкологиялық аурулармен күресте маңызды рөл атқарып отыр.

Ауыл шаруашылығында жасанды интеллект пен деректерді талдау технологиялары арқылы малды азықтандыру мен өсіру процесін жақсарту, өсімдіктердің жағдайын бақылау және дәл егіншілік әдістерін енгізу мүмкін болып отыр. Бұл – ресурстарды үнемдеп, өнімділікті арттыруға жол ашады.

Климат саласында жаңа технологиялар су тапшылығы және климаттың өзгеруіне бейімделу сияқты мәселелерді шешуге көмектеседі – бұл Қазақстанның қуаң өңірлері үшін аса өзекті.

Ұлттық ғылым академиясы ұсынған тәсіл – үздік халықаралық тәжірибеге сай келеді және маңызды бір элементті қамтиды – ғылыми басымдықтарды айқындауда цифрлық технологияларды пайдалану. Осы мақсатта Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) серіктестік басталды. Бұл ынтымақтастық Қазақстанда ғылыми форсайттың өзіндік ақпараттық-талдамалық жүйесін жасауға көмектеседі. Яғни, бұл жүйеде цифрлық аналитика, жасанды интеллект және үлкен деректерді өңдеу технологиялары белсенді қолданылады. Олар ғылым мен технологиялардағы жаңа трендтерді бақылауға, өнеркәсіпке қажетті зерттеулерді түсінуге және ғылымның қай бағытта дамитынын болжауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе шешім қабылдауды дәлірек әрі негізді етеді, ал платформаның өзі – икемді әрі өзгерістерге жылдам бейімделетін болады.

Бұл ақпараттық жүйе «ғылыми навигатор» іспетті болады. Ол қазақстандық ғылыми жобалар, өнертабыстар, бизнес сұраныстары туралы мәліметтерді жинап, оларды жаһандық үрдістермен салыстырады және соның негізінде мемлекетке, ғалымдарға және өнеркәсіпке ұсыныстар береді. KISTI институтымен серіктестік Қазақстанға шетелдік тәжірибені ескеріп қана қоймай, оны жергілікті жағдайға бейімдеуге де мүмкіндік береді. Болашақта бұл платформа бүкіл өңір ғалымдарын біріктіріп, Орталық Азияда ынтымақтастық пен білім алмасудың іргетасы бола алады.

Сонымен қатар, ғылыми басымдықтарды айқындап қана қоймай, инновациялық экожүйені дамыту да аса маңызды. Ғылым жеке-дара дами алмайды – оның жетістігі өндіріс, мемлекет және қоғаммен тығыз байланыста болуына байланысты. Тек министрліктер, жергілікті билік органдары, зерттеу институттары, университеттер мен бизнес арасындағы тұрақты диалог арқылы ел мүддесіне, салалық сұраныстарға және өңірлік қажеттіліктерге сай басымдықтарды анықтауға болады.

Мұндай жүйеге көшу – жай ғана жаңа басқарушылық шара емес, ғылымды басқару тәсілінің түбегейлі өзгеруі. 2024 жылы Ұлттық ғылым академиясы ғылым форсайтын өткізді – бұл болашақтың басым бағыттарын анықтауға бағытталған ауқымды жұмыс болды. Бұл жұмысқа тек жетекші ғалымдар ғана емес, сонымен қатар бизнес өкілдері де қатысты. Олар ғылым алдында қандай міндеттер қойылуы керектігін бірлесе анықтап, ғылыми әзірлемелердің өндірісте қолданылуын күшейту және өңірлік мәселелерді шешуге көмектесу жолдарын белгіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде 200 нақты ғылыми-техникалық міндет тұжырымдалып, олар бағдарламалық-мақсатты қаржыландырудың техникалық тапсырмаларына негіз болды.

Қазақстан ғылыми саясатты деректер талдауына, халықаралық тәжірибеге және барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуына негіздей отырып қалыптастыруда. Ғылыми басымдықтарды айқындау үдерісін ашық әрі дәл ететін «ақылды» цифрлық құралдар жасалып жатыр, ал икемді қаржыландыру механизмдері ең келешегі бар ғылыми идеяларды жедел қолдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін форсайт – сәнді сөз емес, бұл – болашақты болжауға және ғылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін нақты құрал. Ол нәтижелі болуы үшін мемлекет, ғалымдар, бизнес пен бүкіл қоғам бірлесе жұмыс істеуі керек.

 

Елена Шевченко, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жер, ғарыш және байланыс ғылымдары орталығының директоры