Жаңалықтар

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегілерге несие берілмейді

Енді еліміздегі банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға несие бермейді. Бұл – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулы жобасында көрсетілген.

Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған азаматтардың мәліметтерін кредиттік бюроларға жолдайды. Бұл ақпарат кредиттік есептерде көрініс табады.

Сәйкесінше, банктер мен МҚҰ несие рәсімдеу өтінішін қарау барысында азаматтың әскери қызметте екенін анықтаса, міндетті түрде бас тартуы тиіс. Ал азамат әскерден босағаннан кейін бұл деректер өшіріледі, шектеулер де жойылады.

Бұл шешім қаржы ұйымдары үшін тәуекелді төмендету және уақытша табыс таба алмайтын азаматтардың борыш жүктемесіне ұшырамауы үшін қабылданған.