Пи Дидди өмір бойғы түрмеден құтылды, бірақ бостандыққа әлі ерте
АҚШ-тың рэп орындаушысы Шон Комбс (сахнадағы аты — Пи Дидди) Манхэттендегі федералды сотта қаралған атышулы іс бойынша ең ауыр айыптардан ақталып, екі эпизод бойынша кінәлі деп танылды. Осылайша ол өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасынан құтылып кетті.
Сот рэкет пен сексуалдық мақсаттағы адам саудасына қатысты айыптарды дәлелсіз деп тауып, Комбсты бұл баптар бойынша ақтады. Алайда адамдарды жезөкшелікке тарту мақсатында тасымалдағаны үшін екі бөлек айып бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысы үшін оған 10 жылға дейін жаза тағайындалуы мүмкін.
Іс 2024 жылдың 5 мамырында басталып, екі айға жуық уақытқа созылды. Айыптаушылар Пи Диддиді "freak-off" деп аталатын жабық кештерді ұйымдастырып, оларды сексуалдық мақсатта пайдаланған деп айыптаған. Прокуратураның пайымынша, ол өзінің беделі мен ықпалын әйелдерді заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеу үшін пайдаланған.
Соттағы басты куәгерлердің бірі – рэпердің бұрынғы сүйіктісі, әнші Кассандра Вентура болды. Ол Пи Диддидің өзінің мансабы мен қаржылық тәуелділігін пайдаланып, оны қорқыту арқылы сол кештерге баруға мәжбүр еткенін айтты. Тағы бір куәгердің аты-жөні құпия қалды. Дегенмен, қазылар алқасы бұл айғақтарды жеткіліксіз деп тауып, Комбсты адам саудасы бойынша айыптан ақтады.
Айта кетейік, Шон Комбс 2024 жылдың 16 қыркүйегінде Нью-Йоркте тұтқындалған болатын. Оған рэкет, күш қолдану арқылы адам саудасы, алаяқтық және жезөкшелікке тарту мақсатында адамдарды тасымалдаусекілді айыптар тағылған. Ол сотта өзін кінәсізбін деп мәлімдеді.
Қорғаушылар Пи Диддиді кепілмен босатуды сұрамақ. Ал прокурорлар керісінше, екі танылған айып бойынша қатаң жаза – 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын талап етпек. Қорытынды үкімді сот алдағы уақытта шығарады.