Түркістаннан ежелгі жауынгердің қорымы табылды
Түркістан облысында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында беделді көшпелі жауынгердің қабірі анықталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Құнды жәдігерлер Қараспан ауылына жақын маңдағы Төлебайтөбе-2 некрополынан табылған. Қазба жұмыстары Жәнібеков атындағы ОҚПУ мен Нидерландтағы Лейден университетінің мамандарының бірлескен экспедициясы аясында жүргізілген.
Мамандардың айтуынша, табылған қорым Қаңлы мемлекеті дәуіріне (б.з.д. I ғасыр — б.з. IV ғасыры) тиесілі. Зерттеушілер бұл әскери өнерде орны бар, әлеуметтік мәртебесі жоғары жауынгердің жерленген жері болуы мүмкін дейді.
– Мұны қабірден табылған заттар айқын дәлелдейді. Атап айтсақ, жебе ұштары, шаруашылыққа арналған пышақ, ат әбзелдері (соның ішінде ауыздықтар), белдік ілгектері мен сәндік бұйымдар сақталған. Сонымен қатар ерекше назар аударатын зат — марқұм салынған табыттың астына көмілген алып хум-ыдыстың сынығы, – делінген министрлік мәліметінде.
Бұған қоса, жылқының тісі мен гипстен жасалған тұмарлар да табылған. Ғалымдар тұмарлар зұлым рухтардан қорғау мақсатында қолданылған болуы мүмкін деп болжайды.
Археологтар осы аумақтағы өзге бір қорғаннан сирек кездесетін керамикалық тигель тапқан. Бұл – асыл металдарды төмен температурада балқытуға арналған арнайы ыдыс, және ол аймақтың ежелгі металлургиясын зерттеуге тың мүмкіндік береді.